Қазақ тілі және мәдениеті кафедрасы жанынан құрылған этнографиялық мұражай Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 10 жылдық мерейтойы қарсаңында 2001 жылдың 14 желтоқсанында ашылған. Мұражай 2011 жылы ҚарМТУ ректоры, ҚРҰҒА академигі Ғазалиев Арстан Мәуленұлының қолдауымен күрделі жөндеуден өтті. Мұражай ұлттық нақыштағы экспонаттар мен қазақ халқының ертедегі тұрмыста қолданылған бұйымдарымен толықтырылған.
Мұражайдың басты міндеті – Қазақстанда тұратын халықтардың мәдени құндылығын насихаттау.
Этнографиялық мұражай бейнесі киіз үй іспетті. Мұражайдың орталық бөлігіне шаңырақ орналасқан. Шаңырақ – Егеменді мемлекетіміздің басты бейнесі. Кереге – біздің тарихымыздың негізі. Уық – білімге, өркениетке, биікке ұмтылған жастарымызды бейнелейді.
Мұражайдың ұраны – «Тілді мәдениет арқылы таны». Мұражайда ұлттық музыкалық аспаптар, зергерлік бұйымдар, қазақ халқының өнері, мәдениеті туралы ақпараттармен танысуға болады.
Қазақ тілі және мәдениеті кафедрасының оқытушылар ұжымы қаламызда жұмыс істейтін ұлттық мәдени – орталықтармен тығыз байланыс жасайды. Атап айтатын болсақ: корей, неміс, украйн, еврей ұлттық мәдени орталықтары т.б.
Мұражай – ҚарМТУ-да оқитын студенттердің мәдени орталығы. Этнографиялық мұражайда студенттерге қазақ халқының салт-дәстүрін, фольклорлық әдеби мұраларын насихаттау, таныстыру мақсатында танымдық, тәрбиелік, тағылымдық сабақтар, дөңгелек үстелдер өткізіледі.